Алматы облысындағы Текелі қаласына газ келді

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - «Талдықорған - Текелі» магистралды газ құбырының құрылысы белгіленген мерзімінен ерте аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Алматы облысындағы Текелі қаласына газ келді

Қазіргі кезде қаланың ішкі көшелеріне және жақын жатқан елді мекендерге газ құбырын тарту жұмыстары жүріп жатыр. Осы жұмыстардың барысымен облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов танысып қайтты.

Ол Текелі қаласының батыс жақ шетінде орналасқан жергілікті АГТС-та болды. Облыс әкімінің орынбасарына атқарылған жұмыстар туралы «АқниетГрупп» ЖШС жоба басшысы Александр Петлин баяндап берді. Бұл компания - газ құбыры мен оған тиесілі инфрақұрылымдардың құрылысына жауапты мердігер мекеме. Жобаның құны бір жарым миллиард теңгеге жуықтайды. Текелі газ құбыры құрылысы кезінде қалаға жақын орналасқан Шымыр, Байысов, Ешкіөлмес, Абай, Өрқусақ, Жетісу, Екпінді, Сырымбет ауылдарына да құбыр тартылды. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың қазан айында басталған болатын. Пайдалануға беру мерзімі биылғы жылдың қазан айына белгіленгенімен, жұмыс мерзімнен үш ай бұрын аяқталды. Құбыр толық іске қосуға дайын. Магистраль бойынша газ берудің жоспарлы қуаты - сағатына 43,7 мың текше метр. Бұл Текелі қаласының тұрғын үйлері мен өндірістерін көгілдір отынмен қамтамасыз етуге толық жеткілікті.

Мердігер компанияның жұмысын оң бағалаған Айдарбек Байжанов мұнан соң қаладағы ішкі газ тарту жұмыстарымен танысты. Сейфуллин көшесіне алғашқы газ желісі жүргізіліп үлгерген. Жергілікті коммуналдық сала бригадасы осы көшедегі алғашқы абоненттерді 30 тамыз күні қосуға дайындап жатыр.

Осы күні облыс әкімінің орынбасары облыс орталығын газдандыру бойынша жиналыс өткізіп, Талдықорған қаласының ішкі көшелеріне газ құбырын тарту жұмыстарының баяулығын сынға алды. Төрт кезеңге бөлінген газдандырудың екінші кезеңі аяқталды деп есептелгенімен, әлі де бітпеген жұмыстар баршылық. Көшелер қазылып тасталған, жұмыстың баяу жүріп жатқанына қалалықтар наразы және олардың сыны әділетті деп атап өткен А. Байжанов тиісті мекемелерге кемшіліктерді жойып, жұмысты сапалы атқаруды тапсырды