Алматы облысындағы жаңа зауыт өнімі 20-ға жуық елге экспортталмақ
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының Қаратал ауданында жоғары маркалы металлургиялық кремний өндіретін зауыт ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Комбинатқа маман даярлауға ерекше мән беріліп, Бастөбедегі колледжде қазірдің өзінде электромонтер мен электр газ дәнекерлеуші кәсіпке 48 маман арнайы оқытылып жатыр. Дуалды оқыту аясында комбинаттың базасында техник-механиктер мен көпірлі кран операторларын қайта даярлауға мүмкіндік жасалады.
«Бүгін біз біршама жыл тоқтап тұрған металлургия комбинатының қалпына келтіріліп, қайта іске қосылғанына куә болып отырмыз. Жаңа инвесторлар комбинаттың екінші тынысын ашып, қысқа мерзім ішінде жаңғыртудан өткізді. Комбинатқа қажетті мамандар осы Қаратал ауданының өзінде дайындалады. Жергілікті мамандар даярлау ісі басталып та кетті. Осы шаралардың барлығы Президенттің халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрақты жұмыс орындарын ашу туралы тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асырылып отыр, - деді Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев.
Зауыт Қаратал ауданының Жылыбұлақ ауылына таяу жердегі «Сарыкөл» кен орнынан алынатын желілік кварц түріндегі шикізатпен өзін қамтамасыз етеді. Жалпы кремний әлемде металлургия саласында, сол сияқты жоғары дәлдіктегі электр құрылғылары өндірісінде пайдаланылатындықтан, үлкен сұранысқа ие. Бұл комбинатта жылына 6 мың тонна металлургия өндіріледі. Қазақстандық мазмұнның үлесі 80% болатын дайын өнімдер 20 шақты елге экспортталмақ.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, осы жобаны іске асыруға 3,9 млрд теңге инвестиция тартылып отыр. Кәсіпорында 200 адам жұмыс істейтін болады.