Алматы облысының әкімі «Ісіне адалдығы үшін» медалімен марапатталды

Талдықорған қаласында Алматы облысындағы кәсіпкерліктің дамуы жөніндегі қорытынды кездесу өтті. Жиында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктері қорытындыланып, өңірдің экономикалық әл-ауқатын жақсартуға еселі үлес қосқан кәсіпкерлерді марапаттау салтанаты ұйымдастырылды.
«Әкімдік тарапынан жергілікті кәсіпкерлікке үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Инвестицияны тарту бойынша қолайлы мүмкіндіктер жасалған. Кәсіпкерлердің Өңірлік кеңесі де маңызды рөл атқаруда. Облыстағы түрлі мәселелерді шешуде, жаңа бағыттарды жоспарлау мен іске асыру жөнінде тиімді сұхбат алаңына айналды», - деді Елдос Рамазанов.
Экономиканы және жеке кәсіпкерлікті дамытуға қосқан жеке үлесі үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Ісіне адалдығы үшін» III дәрежелі медалімен Өңірлік кеңес мүшесі, «Кассанжар» ЖШС директоры Жанатбек Сарғалдақов марапатталды.
Бизнес қоғамдастықпен белсенді қарым-қатынас орнатқаны үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрмет грамоталарымен аудандар мен қалалардың бірқатар әкімдері марапатталды. Олардың қатарында Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев, Қапшағай әкімі Талғат Қайнарбеков пен Қарасай ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев бар.
Қорытынды кездесуде өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуына зор үлес қосқан кәсіпкерлерге облыс әкімі, ҰКП Іскер әйелдер кеңесі, Өңірлік кеңес және Мемлекеттік кірістер департаменті атынан Алғыс хаттар тапсырылды. Марапаттар «Геодезия сервис» ЖШС бас директоры Александр Аникинге, «ABM group» ЖШС Басқарма төрағасы Азамат Молдақасымовқа, «Ернар шаруа қожалығының басқарушы директоры Тасқын Жапарқұлға, «МаксДорсройСервис-21» ЖШС директоры Александр Скоропадскийге, «Негал БВ» ЖШС директоры Фатих Узуноглыға, «Джей Ти Ай Казахстан» ЖШС директоры Евгений Никольскийге және т.б. кәсіпкерлерге берілді.
«Алматы облысында шағын және орта бизнестің қарқынды дамуы байқалады. Жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 750 млрд. теңгеге жуықтады. 30 мыңға тарта жұмыс орны құрылды. Бұл ретте Сіздер, облыс кәсіпкерлері, үлкен үлес қостыңыздар, сол үшін баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін», - деп атап өтті Амандық Баталов.
Кездесу соңында «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов кәсіпкерлерге ерен еңбектері үшін алғысын білдіріп, жаңа жылда өркендеу мен толағай табыстар тіледі.