Алматы облысының әкімі Президентке 200-ге жуық ауылдың ауыз суға зәру екенін жеткізді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысына жұмыс сапарымен келген Қасым-Жомарт Тоқаевқа Амандық Баталов өңірдегі өзекті мәселелер жайлы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің облыс өте үлкен. 732 елді мекен бар. Басқа өңірлермен салыстырғанда ауыз сумен қамту деңгейі жоғары. 86 пайызға жетті. Бірақ облыс үлкен болғандықтан 200-ге жуық ауыл әлі таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Екінші өзекті мәселе бізде үшауысымды мектептер саны азаймай тұр. Себебі, демографиялық ахуал жылдан-жылға өсуде. Бір жылда 50 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Қазір 14 мектеп салынып жатыр. Ал 20 мектептің жобалық-сметалық құжаттарын дайындап, үкіметке өткіздік. Егер бұл мәселе шешімін тапса, біз үшін үлкен көмек болар еді», деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Президентпен кездесу барысында.

Облыс әкімі жаңа мектептерді салуға 29 млрд теңге қажет екенін жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, Президент Талдықорғандағы Салтанат сарайында жұртшылықпен кездесіп, еркін форматта тілдесті. Кездесу барысында Президент Алматы облысының әкіміне апатты жолдарды жөндеуді тапсырғанын хабарлаған болатынбыз. Сонымен қатар Президент жәрдемақы алып, жұмыс істегісі келмейтіндерді анықтау қажет екенін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар