Алматы облысының әкімі жанар-жағармай мен азық-түліктің бағасын реттеуді және балабақша проблемасын шешуді тапсырды
ТАЛДЫҚОРҒАН. Қарашаның 19-ы. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов Елбасымен болған тікелей эфирдегі кездесуден кейін облыстық селекторлық кеңесте жұмыс тобына бірқатар тапсырмалар берді.
Атап айтқанда, жанар-жағармай мен азық-түлік бағаларын реттеуді, балабақша проблемаларын шешуді тапсырды.
Бірінші мәселеге тоқталған Серік Үмбетов, ай сайын облыстың бензинге деген сұранысы 28 мың тонна мөлшерінде қанағаттандырылып отырғанын атап көрсетті. Бірақ та, бензин бағасының республика бойынша 12 пайызға және облыс бойынша 5,4 пайызға өсуіне байланысты, С.Үмбетов аудандар мен қала әкімдеріне жанар-жағармай бағасын күнделікті қадағалайтын және мұнай өнімдерін жеткізушілермен жұмыс істейтін жұмыс топтарын құруды міндеттеді.
Ал азық-түлік бағасына қатысты әкім, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2009 жылдың 10 айында әлеуметтік тауарлардың бағасы 44 пайызға төмендегенін хабарлады. Бірақ та, облыс орталығында бөлке нанның бағасы 43-45 теңге тұрса, кейбір аудандарда оның бағасы 45-50 теңгені құрап отыр. Облыста астықтың да, ұн мен диірменнің де жеткілікті болғанына қарамастан осындай жағдай орын алуда.
С.Үмбетов бағалар мен тарифтерді тұрақтандыру және аудандарда штабтардың жұмыс белсенділігін арттыру жөніндегі іс-шаралардың жоспарын екі күндік мерзімде дайындау туралы тапсырма берді. Штаб күн сайын баға мониторингін жүргізіп, өнім жеткізушілермен арағайындарсыз жұмыс істеулері керек.
Әкім сондай-ақ балабақшалардың жағдайына талдау жасауды тапсырды. «Ағымдағы жылы облыста 12 балабақша салынуда, келесі жылы тағы 14 бақша салынады, бірақ осының өзі сұранысты қанағаттандыра алмайды. Сондықтан да, кезінде жекешелендіріліп кеткен балабақша ғимараттарының иелерімен нысандарды коммуналдық меншікке қайтару мәселесін шешу керек», дейді әкім.