Алматы облысының әкімі журналистерді марапаттады

АСТАНА ҚазАқпарат - Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күніне орай облыс әкімі Амандық Баталов журналистерді мерекесімен құттықтады. Бірқатар БАҚ өкілдеріне құрмет грамоталары мен алғыс хаттар және басқа да арнайы марапаттар тапсырылды. Жалпы жиынға аудандық, облыстық және республикалық БАҚ өкілдерінің 200-ге тарта өкілі мен блогерлер, ардагер журналистер қатысты, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Алматы облысының әкімі журналистерді марапаттады

Облыс әкімі Амандық Баталов тілшілер қауымына арнаған құттықтау сөзінде бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы маңызын атап өтіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына тоқталды.

- Құрметті журналистер! Газет, теледидар, интернет кеңістігі - уақыт айнасы. Ол арқылы күн сайын тың деректер алып, мемлекетіміздің дамуын, облысымыздың тыныс-тіршілігін қадағалап отырамыз. Облыстағы, әр аудан, қаладағы жаңа бастамалар, жарқын істер немесе тосын оқиғалар тілшілер қауымының назарынан тыс қалған емес. Әрқашан еңбектеріңіз жемісті, мерекелеріңіз құтты болсын! - деді өз құттықтауында А. Баталов.

 Осы жиында кәсібилігі, мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асырудағы белсенділігі үшін бірқатар журналистер марапатқа ие болды. Мәселен, «Жетісу» газетінің беттеуші-дизайнері Сақып Төкеева ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталса, Еңбекшіқазақ аудандық «Еңбекшіқазақ» газетінің бас редакторы Хайролла Ахметжановқа Қазақстан Журналистер одағының «Қазақстанның Құрметті журналисі» құрмет белгісі берілді. Сонымен қатар 4 тілші облыс әкімінің және ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды.

2