Алматы облысының Алакөл ауданына табиғи газ 2021 жылы жетеді

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - 2021 жылы табиғи газ Алматы облысының Алакөл ауданына жекізіледі. Биыл «Талдықорған-Үшарал» газ құбыры магистралінің жобалық-сметалық құжаттарын жасау қолға алынбақ дейді, ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысының Алакөл ауданына табиғи газ 2021 жылы жетеді

Газ тарту жұмыстары 2019-2021 жылдарға жоспарланған. Нәтижесінде Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының 230 мыңнан астам тұрғынын, яғни 74 елді-мекенді көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік туады. Бұдан бөлек Алматы облысының шекаралық аймақтарын да табиғи газбен қамту жұмыстары қарқын алды.

Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әсет Қанағатовтың айтуынша, Панфилов және Ұйғыр аудандарының 32 елді-мекеніне газ тартылып жатыр.

«Бұл жоба жеке инвесторлардың қаржысына жүзеге асырылуда. Олар бұл бағытқа 11,3 млрд теңге қаржы салды», - дейді басқарма басшысы.

Сондай-ақ алдағы жылдары Райымбек және Кеген аудандарына көгілдір отын жеткізу мәселесі де қаралып жатыр. Қазіргі таңда жоғары қысымды «Кеген» АГРС-і құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі жоспарлануда. Әсет Қанағатов республикалық қоғамдық кеңес мүшелеріне облысты газдандыру жұмысы тек бюджет қаражатына емес, жеке инвесторлардың да қаржыландыруымен жүзеге асып жатқанын атап өтті. Мәселен 2017 жылы бюджеттен 12 млрд теңге бөлінсе, инвесторлар 22,2 млрд теңге салған. Ал биыл мемлекеттен 8,5 млрд теңге қарастырылса, инвестиция көлемі 36 млрд теңгеге жетеді деп жоспарлануда.