Алматы облысының ауданында тұрғындар 80 гектар аумақты тастан тазартуда

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының Панфилов ауданына қарасты Лесновка ауылында тұрғындар 80 гектар тастақ даланың тонналаған тасын қолмен теруде, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысының ауданында тұрғындар 80 гектар аумақты тастан тазартуда

Алдағы уақытта бұл жерге шаруа иесі жүгері екпек. Қазірдің өзінде 50 гектар даланың тасы теріліп, орнына тыңайтқыштар төгіліп жатыр. 2000 жылдан бері пайдаланылмай жатқан дала бұрындары егістік алқап болған екен. Кәсіпкер Камел Мақсұт жергілікті тұрғындарға күндік жалақысын төлеп, сайын даланың тасын тергізуде. Айтуынша құм даланы жайқалтамын деп отыр.

«Біз бұл жерді былтырғы жылы инвестициялық жобамен алғанбыз. Іргеден канал бойымен су жүреді, тыңайтқыштар бар осыны пайдаланамыз. Сонымен қатар саумалмен емдеу орталығын салып жатырмыз. 30 млн теңгеге саумал өңдейтін құрылыс нысанын салдық. Өткен жылы асыл тұқымды 300 жылқы сатып әкелдік. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыстар жалғасатын болады» деген қожалық иесі бұдан бөлек 40-қа жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.

Жалпы Панфилов ауданы бойынша ауыл шаруашылық мақсатында 333 мың гектар жер пайдалануда. Соның ішінде суармалы жердің 27 мыңға жуық гектары жүгері егістігіне арналған. Қазіргі таңда көктемгі егістік науқанына қызу дайындық жүрілуде . Жаңадан тағайындалған аудан әкімі Марат Сағымбек облыс басшыс Қанат Бозымбаевтің тапсырмасына сәйкес өңірде пайдаланылмай жатқан бос жерлерді аудандық жер қорына қайтару жұмыстарын жүргізуде. Қазірдің өзінде 268 гектар жер аудандық жер қорына қайтарылды.