Алматы облысының дәрігерлері салмағы 850 грамм шақалақты аман алып қалды
ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат - Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының перинаталдық бөлімше дәрігерлері салмағы 850 грамм болып туған нәрестені аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарт тілшісі.
«Осы жылдың мамыр айында аурухананың перзентханасына 27 апталық жүктілікпен жас әйел келіп түсті. Науқаста мерзімінен бұрын толғақ басталған. Дәрігерлердің көмегімен жас ана салмағы 850 грамм шақалақты дүниеге алып келді. Шала туған баланың жағдайы ауыр болды»,- дейді бөлім меңгерушісі Салтанат Әлмұхамбетова.
Дәрігердің айтуынша, нәресте бірнеше күн өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Тиісті емдеу жүргізіліп, сапалы жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілді.«Жаңа туған нәрестелерді реанимациялау бөлімінің білікті мамандары мен тәжірибелі дәрігерлерінің арқасында екі айда 1 келі 600 грамм салмаққа жетіп, нәрестенің жағдайы тұрақталды. Қазіргі уақытта бала мен ана Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасына аман - есен ауыстырылды», - деп атап өтті бөлім меңгерушісі.
Өз кезегінде сәбидің анасы перзентхана қызметкерлеріне алғысын білдірді.
«Мен облыстық аурухананың перзентхана бөлімшесінің барлық дәрігерлеріне алғысымды білдіремін. Олар менің баламның өмірін сақтап қалды», - дейді жас ана.
Алматы көпсалалы клиникалық аурухана мәліметінше, былтырдан бері 1313 бала дүниеге келген, оның 236-сы шала туған.