Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында 79 елді мекеннің 56-сына газ тартылмаған

Осы аудандағы жергілікті тұрғындарды газдандыру жұмыстарының сылбыр жүруі мазалайды. Мәселен, газдандыру жұмыстары 2014 жылы басталғанына қарамастан аудандағы 79 елді мекеннің 56-сына көгілдір отын жетпеген. Яғни, бүгінгі күнге дейін тіркелген 25 мың абоненттің тек 6 мыңы ғана газға қосылған.
Жоспар бойынша 2022-2023 жылдары Саймасай және Қайнар ауылдарына жобалық құны 2,5 млрд. теңге болатын газдандыру жұмыстары жүргізілуі тиіс. Оны «ҚазТрансАймақ» АҚ қаржыландырады. Қазір 89 км-лік газ жүйесінің 42 км. ғана салынған. Одан бөлек, Талдыбұлақ, Сатай, Қаракемер ауылдарын газдандыруға арналған ЖСҚ дайындалып жатыр. Осы жобалар толығымен жүзеге асқанда 1180 абонент пен 30 әлеуметтік және коммуналдық нысан көгілдір отынға қол жеткізеді.
Халқы көп аудандағы сұрақтардың басым бөлігі үш ауысымды мектептерге арналды. Түйіні біртіндеп шешілетін мәселені жыл соңына дейін толығымен шешу мүмкін емес. Бүгінгі күні облыста салынып жатқан 31 білім саласы нысанының 7-еуі үш ауысымды мектеп. Осы нысандардың 22-сі биыл пайдалануға беріледі. Оның ішіндегі үшеуі Төле би, Ташкенсаз ауылдарында және Есік қаласында мектептер. Барлығы 2250 орындық оқу орындарының құны 2,8 млрд. теңге. Дәл қазір ауданда 54 үш ауысымды және 143 бейімді мектеп бар.
Аудан тұрғындарын экологиялық мәселелер де толғандырады. Атап айтқанда, өңірдің тұма табиғаты мен жергілікті халықтың денсаулығына зиянын тигізетін қиыршық тас карьерлердің кедергісі көп.
Карьерлерге қатысты мәселе қатаң бақылауда екендігін айтқан Қанат Бозымбаев оны заң аясында шешу үшін уақыт қажеттігін алға тартты.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының айтуынша, Еңбекшіқазақ ауданындағы 11 карьердің бесеуімен арадағы келісім-шарт бұзылса, қалған алтауының жұмысы уақытша тоқтатылған. Олардың қаншасы жұмыс істейтіні немесе арадағы келісім-шарт түбегейлі бұзылатыны қажетті тексерулерден кейін ғана белгілі болады.
Кездесуде ауданда электр қуатының жиі өшетіндігі де мәселе ретінде көтерілді. Осыған орай аудан әкімі мен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармаларының басшыларына тапсырма берілді.
Тұрғындар жолдарды жөндеудің қажеттігі, тротуарлар мен көшелерді жарықтандырудың жоқтығы, қоғамдық көлік жұмысының бұзылуы, маршруттар мен автобустардың жетіспеушілігі, тегін үйірмелерді ұйымдастырудың керектігі сынды мәселелерді көтерді.
Ауданды дамытудың негізгі жоспарын таныстырған облыс әкімі Қанат Бозымбаев тұрғындардың сауалдарына толық жауап беріп, көтерілген мәселелерді қысқа уақыттың ішінде шешуді жауапты құрылымдарға тапсырды. Жергілікті жұртшылық айтқан мәселелер қаттамаға кіргізіліп, кезең-кезеңімен қаралады.