Алматы облысының кәсіпкерлеріне жарнама үшін заңсыз салық алынған
ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат- Алматы облысында салық органдары кәсіпкерлік субъектілерінен жарнама үшін заңсыз салық өндіріп отырған. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қадағалау органының мәліметінше, «Жарнама туралы» заңда жарнаманың түрлері нақты айқындалған және маңдайшалар сыртқы жарнамаға жатпайды.
«Алайда, жергілікті атқарушы органдар бизнес субъектілерінің жарнамасы туралы ақпаратты мемлекеттік кірістер органдарына жолдаған кезде, маңдайшаны да жарнама ретінде көрсеткен. 220 кәсіпкерге қатысты осындай заңбұзушылық орын алып, прокуратураның қадағалау актісі негізінде бүгінгі күні 60 кәсіпкердің дербес шотына заңсыз өндіріп алынған салық артық төлем ретінде есептелді»,- деп хабарлады облыстық прокуратурадан.
Қадағалау органы осындай салықты төлеуге міндеттеген кезде прокуратурадағы кәсіпкерлердің құқығын қорғауға бағытталған мобильді топтарға жүгінуді сұрады.