Алматы облысының Қасымбек ауылында үш ауысымды мектеп мәселесі шешілді

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында үш ауысымды білім беруді азайту мақсатында Жамбыл ауданы Қасымбек ауылында қолданыстағы мектептің іргесі 300 орынға кеңейтіліп, жанынан салынған жаңа ғимарат пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысының Қасымбек ауылында үш ауысымды мектеп мәселесі шешілді

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында іске қосылған жаңа нысанның ашылуына қатысқан облыс əкімі Амандық Баталовқа мектеп директоры Айман Кенженбаева оқу кабинеттерінің материалдық-техникалық жабдықталуымен таныстырды. Химия және география кабинеттеріндегі заманауи құрылғылар, ағылшын тілінің лингафонды кабинеті, бастауыш сыныптың сапалы көрнекіліктері балалардың уақыт талабына сай білім алуына қызмет етпек. Сол сияқты 13 тігін машинкасы қойылған шеберхана да оқушыларды қол еңбегіне баулиды. Ғимаратта 100 орындық асхана, сондай-ақ баскетбол, волейбол және басқа да спорт ойындарымен айналысуға мүмкіндік жасалған заманауи спорт залы бар.

Қасымбек ауылындағы 520 орындық мектепте бұған дейін 1100 бала оқып келген. Жаңа ғимараттың салынуына байланысты мектептің мүмкіндігі тағы 300 орынға кеңейтілді.

Жыл басында Жамбыл ауданындағы 62 мектептің 10-ы үш ауысымда оқытатын. Қазіргі таңда мұндай 7 мектеп қалып отыр. Үш ауысымды білім беруді жою мақсатындағы жұмыстар әлі де жалғасады.