Алматы облысының Кеген ауданында коронавирус тіркелді
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - 28 сәуір, сағат 17:40-тағы жағдай бойынша Алматы облысында 12 адамның коронавируспен ауырғаны анықталды.
Науқастардың 3-уі бұған дейін COVID-19 індеті тіркелмеген Кеген ауданының тұрғындары - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 12 адамның 3-еуі – Кеген ауданында, 8-і – Жамбыл ауданында, 1-еуі Қапшағай қаласында тіркелді.
Сырқаттанғандардың жасы 27 мен 56 жас аралығында. Олар Кеген аудандық ауруханасының инфекциялық бөліміне, Жамбыл ауданы Мыңбаев ауылындағы ауылдық аурухананың провизорлық стационарына, Шелек аудандық ауруханасының инфекциялық бөліміне жатқызылды.
Олармен байланыста болған 55 адамның барлығы оқшауландырылды.
Жалпы, Алматы облысында КВИ жұқтырған азаматтардың саны 113-ке жетті.