Алматы облысының Көксу ауданында 19 көпбалалы отбасы баспаналы болды
Балпық би ауылдық округінде көпбалалы және баспанаға мұқтаж 10 отбасыға, Мұқаншы ауылдық округінде 3 отбасыға, Мұсабек ауылдық округінде 1 отбасыға, Еңбекші ауылдық округінде 2 отбасыға, Алғабас ауылдық округінде 1 отбасыға, Жарлыөзек ауылдық округтерінде 2 отбасыға пәтер кілті табысталды. Көпбалалы аналарға берілген үйлердің ауласы кең, тұрмысқа қолайлы.
Қоныстой қуанышына бөленгендердің бірі Ибраимовтар отбасы.
Асымжан мен Ақбілек Ибраимовтар15 жыл бұрын үйленген. 4 баланы дүниеге әкеп, тәрбиелеуде. Олардың бір перзенті туасынан мүгедек. «Үйленгелі бері пәтер жалдап тұрамыз, қаражат жинап баспана алуға еш мүмкіндігіміз болмады. Отағасы Асымжан »Балпық« ЖШС-да жалдамалы жұмыс жасайды. Мен бала тәрбиесімен үйдемін. Кішкентайымыз жаңа дүниеге келді. Отағасының табысы балалардың киімі, азық-түлікпен кетеді. Бүгін міне, баспаналы болып, бақытымызға шек жоқ», - деді Ақбілек Ибраимова.
Айта кетейік, Көксу ауданында жыл басынан республикалық бюджеттен 247 млн теңге бөлініп, көпбалалы баспанаға мұқтаж 40 отбасына баспана кілті табысталса, кәсіпкерлердің көмегімен 7 отбасы баспаналы болған.