Алматы облысының Көксу ауданында жаңа спорт кешені ашылды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысы Көксу ауданының Балпық би ауылында заманауи спорт кешені ашылды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысының Көксу ауданында жаңа спорт кешені ашылды

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесіне орай пайдалануға берілген спорттық нысан толықтай қажетті құрал жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ғимаратты салуға республикалық бюджеттен 673 млн теңге қаржы бөлінген. Нысанның жалпы аумағы 3000 шаршы метр. Кешенде ауыл жастары спорттың 12 түрі бойынша жаттығатын болады. Сонымен қатар, көрермендерге арналған 180 адамдық орын бар. Жаңа нысанның ашылуына байланысты 32 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Заманауи стандарттарға сай салынған дене шынықтыру-сауықтыру орталығы күніне жүздеген адамды қабылдауға қауқарлы. Мұнда волейбол, баскетбол, шағын футболға арналған залдар және жаттығу бөлмесі бар.

Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де спортпен айналысуға барлық жағдай жасалған.

Аудан әкімі Алмас Әділдің сөзінше, кешенде спорттың тағы бірнеше түрінен үйірмелер ашу жоспарланып отыр.