Алматы облысының медициналық мекемелері 8 жедел жәрдем көлігімен толықты

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының медициналық мекемелері жаңа жедел жәрдем көліктерімен және жабдықтармен толықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысының медициналық мекемелері 8 жедел жәрдем көлігімен толықты

Бұл көмек «Самұрық-Қазына» АҚ мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында көрсетілді. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы қайырымдылығының бірыңғай операторы – «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қажетті жабдықтарды сатып алып, оларды өңірлерге жіберді.

Осылай Алматы облысына 4 өкпені жасанды желдету аппараты (ӨЖЖ), 5 оттегі концентраторы, 60 пульсоксиметр жеткізілді. Сондай-ақ, облысқа Shevrolet Damas маркалы 8 жедел жәрдем көлігі келді.

«Самұрық-Қазына» қоры берген аппараттар ауруханалардың материалдық-техникалық базасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл коронавирустық инфекциямен және пневмониямен күресте халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуге ықпал ететіні сөзсіз. Гуманитарлық көмек ретінде берілген медициналық аппараттар облыстың барлық медициналық ұйымдарына таратылады», - деді Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков.

Айта кетейік, мұндай жиынтықтарды әрбір облыс, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалар алады.

«Бұл шаралардың барлығы біздің медицинамыздың жұқпалы аурулармен, соның ішінде COVID-19 коронавирустық инфекциямен күресуге дайындық деңгейін арттыруға және ұлттық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға бағытталған», - дейді «Samruk-Kazyna Trust» қорының ресми өкілі Мирас Іргебаев.

Еске сала кетейік, Меморандум аясында республиканың Денсаулық сақтау жүйесін ұйымдастыруға 100 жедел жәрдем көлігі, 1 000 оттегі концентраторы, 50 ӨЖЖ аппараты, 1 000 пульсоксиметр жеткізілетін болады.