Алматы облысының полицейлері арнайы мақсаттағы бөлімнің құрметті ардагері Аманғали Баталовпен кездесті

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, Аманғали Баталов қазақстандық арнайы мақсаттағы қызметін құрушылардың бірі ретінде күштік құрылымдар арасында белгілі. Ол «Альфа» КСРО МҚК арнайы мақсаттағы бөлімінде, ҚР ҰҚК «Арыстан», ҚР ІІМ «Сұңқар», ПҚҚ-да (Президентті қорғау қызметі) қызмет етті. Оның террористер басып алған тұтқындарды босату бойынша жасаған әдістемесі отандық арнайы мақсат бөліністері мен шетелдердің арнайы қызметінде оқу құралы ретінде пайдаланылады.
«Әйгілі ардагердің өмірбаяны кинофильмдер мен кітаптар жазуға болатын деректерге толы. Ол 300-ден аса жауынгерлік операцияларға қатысты, көптеген жылдар бойы күштік құрылымдарда және мемлекеттің бірінші басшыларын қорғауға қызмет етті. Жеке құрамның осындай өмірлік және кәсіби тәжірибесі бай адаммен кездесуі қызметкерлер үшін өздерінің кәсіби деңгейін арттыруға өте пайдалы» - деп баяндады Алматы облысы ІІД бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмханов.
Кездесу барысында Аманғали Баталов залда отырған полиция қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қойған бірқатар сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар, ол «Айбын» және 1992 жылы ақпан айында Шымкент қаласында түрмеден қашып кеткен қылмыскерлер тұтқындаған тұлғаларды босату бойынша арнайы операцияны сәтті аяқтағаны үшін алған Президенттің Құрмет грамотасы сияқты көптеген өкіметтік наградаларға ие.
Аманғали Баталов Алматы облысының полицейлеріне жауынгерлік және қызметтік даярлық бойынша көмек көрсетеді. Сондай-ақ, «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлінісі мен Жедел қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлеріне қажетті өзінің бай тәжірибесімен бөлісетін болады. Алматы облысының полицейлері атынан Аманғали Баталовқа иесі жазылулы қолсағат, «Еңбегі сіңген ардагер» төсбелгісі мен басқа да естелік сыйлықтар табысталды.
Кездесу соңында әріптестері дайындаған полковник А. Баталовтың өмірі туралы «Барлығына белгілі емес батырлар» атты деректі фильм көрсетілді.