Алматы облысының полицейлері асыл тұқымды жылқыларды ұрлаған адамды ұстады
ТАЛДЫҚОРҒАН. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Алматы облысының Жамбыл аудандық ішкі істер бөліміне шағыммен келген Ұзынағаш ауылының тұрғыны, қорасынан бес асыл тұқымды жылқының ұрланғанын хабарлады.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, жылқылар Ұзынағаш ауылынан 2 шақырым жерде орналасқан бау-бақша бригадасындағы сарайдан ұрланған. Мал иесі келген жалпы шығынды 4 миллион теңгеге бағалады.
Полиция қызметкерлері жедел-іздеу шараларының барысында осы ауылдың тұрғынын ұстады, ұрланған жылқының үшеуі оның қорасынан табылды. Екі ақалтеке жылқысы, күдіктінің айтуынша, түнгі айдау кезінде жоғалып қалған.
Полицейлердің айтуынша, әлгінің тағы екі сыбайласы болған, оларды іздеу шаралары жалғасуда. Мал ұрлау факті бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр.