Алматы облысының полицейлері ауруханада жатқан балаларға барды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының полицейлері көлік апатынан зардап шеккен балалардың қал-жағдайын біліп, тезірек сауығуын тілеп қайтты. Қазір Талдықорғандағы облыстық балалар ауруханасында көлік апатынан зардап шеккен 4 жеткіншек жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысының полицейлері ауруханада жатқан балаларға барды

Патрульдік полиция қызметкерлері ауруханада жатқан балаларға сыйлықтарын беріп, әрқайсысына қараңғыда жанатын арнайы браслеттерді сыйға тартты. Сондай-ақ жол жүру ережелерін түсіндіріп, науқастардың тезірек сауығуларын тіледі.

«Қазір хирургия бөлімінде жатқан 4 бала көлік апатынан зардап шеккен. Оқиғаның біреуі жақында Сарқан ауданында болды. Жүргізуші өзінің жолдасымен және екі баласымен қонаққа бара жатқан. Сол сәтте көлік аударылып, екі ересек адам қайтыс болды. Бір бала зардап шекті. Енді оған операция жасалады. Көп жағдайда балалар жолда мұқият болмауының салдарынан көліктің астына түсіп жатады. Біз үлкендер көлікпен келе жатқанда үлкен жауапкершілікті сезінуіміз керек. Балалар үлкендердің кесірінен зардап шекпеуі тиіс», - деді Алматы облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Айжан Әлибайкызы.

Жыл басынан бері Алматы облысында кәмелеттік жасқа толмаған балалардың қатысуымен 221 көлік апаты тіркелген. Соның салдарынан 269-ы жарақат алып, 10 бала мерт болған.