Алматы облысының полицейлері көлік жүк салғышынан ұрып-соғылған азаматты тапты

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қапшағай қаласының маңынан тамыздың 14-інен 15-не қараған түні тәртіп сақшылары тоқтатқан Daewoo Nexia автокөлігінің жүк салғышынан ұрып-соғылған ер азамат табылды, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

Алматы облысының полицейлері көлік жүк салғышынан ұрып-соғылған азаматты тапты

Полицейлер бірден қосымша күш шақырып, көлікте отырған төрт азаматты ұстап, бөлімшеге жеткізді. Тұтқындалғандар тексеру барысында Жамбыл облысының азаматтары болып шықты.

Олар Алматы қаласында жалдамалы жұмыс істеп, нәпақа тауып жүрген. Ал жәбір көрген азамат Алматы облысы, Бақанас ауылының тұрғыны болып шықты. Көліктегі төртеу оған жеке затын ұрлады деп күдік келтіріп, қала сыртына алып шығып өздерінше жазаламақ болған. Сондықтан көлік жүк салғышына қамап қойған.

Дәрігерлер жәбірленген ер адам денесінің ұрып соғу барысында көгергенін, түрлі жарақат алғанын растап берді.

Қазіргі таңда ҚР ҚК 389-бабы, 3-ші тармағы «Өзінше билік ету» және ҚР ҚК 125-бабы «Адам ұрлау»  бойынша тергеу басталды.

Күдіктілер қамауға алынып, автокөлік айып тұрағына қойылды.