Алматы облысының полицейлері көшедегі көлікке оқ атқан жасөспірімдерді анықтады

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының полицейлері көшедегі көлікке оқ атқан жасөспірімдерді анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысының полицейлері көшедегі көлікке оқ атқан жасөспірімдерді анықтады

Оқиға Қарасай ауданында болған. Тосыннан дауыс шығып, көшедегі көліктің жүргізуші жағындағы есігіне зақым келген. Жүргізуші аудандық полицияға хабар берген. Болжам бойынша, көлікке оқ тиюі мүмкін деген нұсқа қарастырылды.

«Жедел іздестіру шаралары барысында көлікке залал келтірген күдіктілер анықталды. Олар Қостанай облысынан қонаққа келген 15-16 жастағы екі жасөспірім болып шықты. Олардың үйінен пневматикалық мылтық тәркіленді. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 202-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр»,- деп мәлім етті Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Алдын ала тергеу барысында анықталғандай, екі бозбала ауладағы нысаналарды атып жүрген. Оқтардың бірі көлікке тиген. Қазіргі уақытта кәмелеттік жасқа толмаған екі бала заңды өкілдеріне тапсырылды.