Алматы облысының полициясында 200-ден аса бос жұмыс орны бар

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының полициясы жас курсанттармен толықты. Тәртіп сақшыларының қатарына 50-ден астам азамат қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысының полициясында 200-ден аса бос жұмыс орны бар

«Жалпы алғанда, Алматы, Қарағанды, Қостанай академияларында және Ақтөбе институтында оқитын 53 курсант келді. Келген барлық курсанттар біздің Департамент берген бағыт бойынша білім алғандар. Енді олар қалалық және аудандық полиция бөлімшелерінде дипломдық іс-тәжірибеден өтеді. Қорытындысы бойынша олардың ішкі істер органында қызметке сай келетіндігі туралы нақты шешім қабылданатын болады»,- деді ІІД-де өткен баспасөз конференциясында Кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары Жандос Нұғиланов.

Бүгінгі күні облыстық полицияда 200-ден аса бос жұмыс орны бар. Әсіресе, учаскелік полиция инспекторлары, тергеу және жол-патрульдік қызметкелері жетіспеуде.

Бұдан басқа, ЖОО-ның дипломы бар 114 түлегі полицияда қызмет етуге ниет білдірді. Қазіргі кезде олар тиісті сынақтардан, медициналық комиссиядан өтуде. Олардың физикалық дайындығы тексерілуде. Сынақтан өткен кандидаттар жұмысқа қабылданады.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ҚР ІІМ-нің оқу орындарының түлектері полицияда кемінде бес жыл қызмет етуге міндетті. Олай болмаған жағдайда құқық қорғау органдарының оқу орнын бітірген түлектерден олардың оқуы үшін мемлекеттен жұмсалған ақша қаражаты тәркіленіп алынады.