Алматы облысының прокуроры Ұлы Отан соғысының ардагеріне пәтер кілтін тапсырды
АЛДЫҚОРҒАН. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Жеңіс күнінің 65 жылдық мерейтойының қарсаңында Алматы облысының прокуроры Ерлік Кененбаев бүкіл өмірін прокуратура қызметіне арнаған Ұлы Отан соығысының ардагері Биахмет Сарымсақовқа екі бөлмелі пәтер кілтін табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Майдангерді жылы шырайлы қарсы алған Ерлік Кененбаев соғыс ардагерін келе жатқан - Мамырдың 9-ы жалпыұлттық мерекесімен жеке құттықтау құрметіне ие болып отырғанына қуанышты екенін жеткізді.
Соғыстың жылнамасында жетісулықтардың жасаған ерліктері алтын әріптермен жазылған. Біздің жүз жиырма мың жерлесіміз өз еріктерімен майданға аттанған, олардың жартысы үйлеріне қайтып оралмады, - деп атап өтті ол. - Барлығымыз жақындарымыздың әңгімелерінен осы Жеңістің бізге қалай келгендігін жақсы білеміз. Енді қазір біздің жас мемлекет соғыс және тыл ардагерлерін қолдау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Майдангерлердің көптеген әлеуметтік мәселелерін шешу үшін көмектеседі. Бүгінгі іс-шара соның дәлелі, - деді облыс прокуроры.
Облыстық прокуратурада түсіндіргендей, Ерлік Кененбаев ардагердің көп жылдардан бері баспана ала алмай жүргенін естіп, облыс әкімі Серік Үмбетовтың атына Б.Сарымсақовқа пәтер беру туралы өтінішін білдірген.
Биахмет Сарымсақов өз кезегінде облыс прокуратурасына, баспанаға ие болғанын былай қойғанда, өзінен үлкен әріптестерін ұмытпай, әртүрлі мерекелік шараларға шақырып, қолдау көрсетіп тұратындықтары үшін алғысын білдірді.