Алматы облысының шаруалары облыс әкімінен көмек сұрап отыр
Ал шаруалардың айтуынша, егінді су басуына дренаж жүйесі себеп екен. Тіпті егістік алқабындағы жер асты суы ауыл ортасына дейін жеткен. Қазір Мұсабек ауылындағы үйлердің жертөлесінде көтерілген су тізеге дейін жетеді.
«Біз тек облыс әкімі Амандық Баталовтан көмек сұраймыз. Бізге басқа ешкім көмектесе алмайды. Біздің баратын жеріміз жоқ. Сұрайтынымыз дренаж жүйесін қалпына келтіріп, қазып, тазалап берсе болды. Осы егінмен бала-шағамызды асыраудамыз. Бізге көмек керек», дейді Мұсабек ауылының тұрғыны, шаруа қожалығының жетекшісі Асхат Оралов.
Ал Мұсабек ауылдық округіне екі ай бұрын ғана тағайындалған әкім жағдайдан хабардармын дейді.
«Бюджеттен қаржы қаралып жатыр. Осы жылдың соңына дейін оң шешімін табады. Келер жылы кәріз жүйелері қолға алынып, тазаланады», дейді Мұсабек ауылдық округінің әкімі Жандос Жұмағұлов.
Шаруалар әр гектардан кемінде 2 тонна өнім алатынбыз дейді. Қазір нарықта сояның әр тоннасы 100 мың теңгеден деп есептесек, 70 гектар жердегі өнімнің құны 14 млн теңге екен. Қыруар қаржы далаға кетті, еңбегіміз еш болды деген шаруалардың соңғы үміті облыс әкімінде. Мәселе шешіледі деп үміттерін үзбей отыр.