Алматы облысының тауында қар көшкіні жолды жауып қалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы облысында қар көшкіні жүрді. Салдарынан облыстық маңызы бар Түрген-Батан-Асы обсерваториясы жолы жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысының тауында қар көшкіні жолды жауып қалды

ТЖМ «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің мәліметінше, Алматы облысында 13 желтоқсан күні таңғы сағат 9:33-те Түрген-Батан-Асы обсерваториясы бағытындағы облыстық автожолдың 22,3 шақырымында өздігінен қар көшкіні жүріп өтті. Оған тау беткейлеріндегі қар жамылғысының тұрақсыз жағдайы себеп болған.

«Қар көшкінінің жалпы көлемі - 99 текше метр, ұзындығы - 22 м, ені - 6 м, биіктігі - 4,5 м. Қар көшкіні облыстық маңызы бар Түрген-Батан-Асы обсерваториясы жолын жауып қалды», – деп атап өтті ТЖМ «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінен.

Оқиға орнына «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері мен Еңбекшіқазақ ауданының құтқарушылары шықты. Көшкіннен зардап шеккендер жоқ.

Фото: instagram.com/kazselezashita