Алматы облысының тұрғыны әкімге 50 млн теңгеге жасалған арықтан су ақпайтынына шағымданды

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысы әкімінің есебінде Ескелді ауданының тұрғыны Елена Улеватая халықтың атынан шағымын жеткізді.

Алматы облысының тұрғыны әкімге 50 млн теңгеге жасалған арықтан су ақпайтынына шағымданды

Тұрғынның сөзінше, әкімдіктің 50 млн теңгеге жасаған арығынан су ақпай тұр. Соның салдарынан ауыл тұрғындары бақша еге алмай отыр, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз ауылда тұрамыз. Бізге бақша егу керек. Қарабұлақ ауылындағы (ред: Ескелді ауданының орталығы) «Мелькомбинат» шағын ауданында арық жүйесі болмағандықтан, түрлі мекемеге шағымданып, әйтеуір арық жасайтын болып шешілді. Жасауын жасады, бірақ одан су ақпайды. Жергілікті билікке айтсақ, енді не істейміз дегендей, шарасыз күйде отыр. Сізден осы мәселені шешіп беруіңізді сұраймыз», - деді Елена Улеватая Амандық Баталовқа халық алдындағы есебінде.

Алматы облысының әкімі бірден Ескелді ауданының әкімі Рауан Рақымбековтен не себепті арықтарда су жоқ екенін сұрады. Ал аудан әкімі арықтар бойынша арнайы комиссия құрылып, проблеманы анықтауға тырысып жатқандарын жеткізді.

«Заңсыз құрылыстар арықтың бойымен жүргізілген. Көктемде жұмыстарды жүргіземіз», - деді Ескелді ауданының әкімі Рауан Рақымбеков.

Ал облыс әкімі Амандық Баталовтың «Бұл жұмыстарға қаражат бар ма?» деген сауалын аудан әкімі жауапсыз қалдырды.

«Қарабұлақта қателеспесем 24 мыңдай халық бар. Сұлтан Мырзабекұлы әкім болғанда қала атауын беруді сұраған. Арық мәселесін шешуді тапсырамын. Ол жерде көп болса заңсыз құрылыс бір-екі үй ғана шығар. Мен саған тапсырма беремін, мәселені шеш», - деді Амандық Баталов Ескелді ауданының әкіміне.