Алматы облысының тұрғыны әскери қызметшіні соққыға жықты
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында көлік жүргізушісі карантиндік аумақта тәртіпті қадағалап жүрген әскери қызметшіге жұдырық жұмсаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, екі әскери сарбаз өздеріне бекітілген Қарасай ауданының Райымбек ауылында тәртіпті қадағалап жүрген.
«Патруль талабы бойынша тоқтаған Лада Гранта көлігінің 51 жастағы иесі автокөліктен шығып, өзгелерінің алыста тұрғанын пайдаланып, 24 жастағы әскери сарбазды соққыға жыққан. Жергілікті тұрғын оқиға орнынан із суытқан. Қазіргі уақытта күдікті азамат ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды»,- деді Қарасай АПБ тергеу бөлімінің тергеушісі Айдын Сейітов.
Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктінің бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны, яғни 2004 жылы денсаулыққа қасақана жеңіл жарақат салғаны үшін сотталғаны анықталды.