Алматы облысының тұрғыны әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталды
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысының тұрғынына әйелін өлтірді деген күдік келтіріліп, қамауға алынды. Аталмыш азаматтың кәмелеттік жасқа толмаған 4 баласы бар. Қазір жауапты мекемелер балалардың болашақ тағдырын шешу мәселесін қарастырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қанды оқиға Алматы облысының Талғар ауданында болған. 21-ші қараша күні көпқабатты үйлердің бірінде ерлі-зайыпты жандар жанжалдасып қалған. Ұрыстың соңы адам өлімімен аяқталған. Аталмыш оқиға туралы жедел жәрдем қызметіне 13 жастағы қыз қоңырау шалып, анасына көмек көрсетуді сұраған соң белгілі болған. Дәрігерлер оқиға орнына келгенде 36 жастағы әйелдің мәйітін тапты. Қылмыс болған үйге жедел түрде жеткен полицейлер күдікті ретінде әйелдің күйеуін ұстады. Ер азамат ащы суға сылқия тойып алыпты. Ал қанды оқиғаға «қызғаныш» сезімі себеп болуы мүмкін. Қылмыстық әрекетке ас үйдегі пышақ пайдаланылуы ықтимал. Күдікті ішімдік ішіп, мас болғанынан қарамастан, пышақты киімдердің арасына жасырып үлгерген.
«Қазір табылған пышақ айғақ зат ретінде тіркелді. Күдіктінің үстінен ҚР ҚК 99-шы бабы яғни, «адам өлтіру» фактісі бойынша іс қозғалып, тергеу жалғасуда», деді облыстық ІІД баспасөз қызметіндегілер.
Күдікті азамат қанды оқиғаға байланысты жауабын беріп, қамауға алынды. Ал анасынан айырылып, әкесі қамауда отырған 4 баланың тағдырын мамандар шешеді.