Алматы облысының тұрғыны шегелер жұтып, екінші рет ауруханаға түсті
ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат – Алматы облысында 10 сантиметрлік шегелерді екінші рет жұтып, ауруханаға қайта түскен тұрғынның өмірін сақтап қалу мүмкін болды. Бұл жайында өңірлік Денсаулық сақтау басқармасының Instagram-парақшасында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шизофренияға шалдыққан тұрғын Алматы облысына қарасты Қарасай ауданаралық көпбейінді ауруханасына алғаш рет 2022 жылдың 12 қыркүйегінде жүгінген. Ол үш тәулік бұрын бірнеше шеге жұтып қойғанын, оны ашуға булығып, өмірден қош айтысу үшін жасағанын айтқан.
«Қарасай ауданаралық көпбейінді ауруханасының хирург-дәрігерлері жүйке ауруына шалдыққан 39 жастағы азаматтың аш ішегінен 10 сантиметрлік 14 шеке алып шықты», - делінген таратылған ақпаратта.

Аурухананың хирургия бөлімшесі меңгерушісі, жоғары санаттағы хирург Марат Әбжановтың мәліметінше, мұндай жағдайды диагностикалау рентгеннің көмегімен жүргізіледі. Емдеу барысында күту әдісін де қолдануға болады. Алайда, бұл жолы шұғыл түрде ота жасауға тура келген.
Сол жолы емханадан құлан-таза айығып шыққан азамат 2023 жылдың 1 ақпанында дәл сол ауруханаға қайта жүгінген. Айтуынша, төрт күн бұрын 10 сантиметрлік 5 шеге жұтып қойған. Пациентке шұғыл түрде ота жасалды.
Фото: instagram.com/almoblzdrav