Алматы облысының үш ауылында қызылсу жүрді

АСТАНА. Ақпанның 22-сі. ҚазАқпарат /Дамир Байманов/ - Алматы облысының үш ауылында қызылсу жүріп өтті, деп хабарлады дүйсенбі күні Төтенше жағдайлар министрлігінен.

Алматы  облысының  үш  ауылында қызылсу   жүрді

Құтқарушылардың мәліметтері бойынша, Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында қардың еруі, жауын-шашынның болуы және Ұзынағаш өзенінде су деңгейінің көтерілуі салдарынан Жамбыл көшесінде төрт тұрғын үйді су басып қалды, Молдағұлова көшесіндегі көпір, екі тұрғын үй және төрт үй жанындағы жер телімі зардап шекті. Құтқару ведомствосының баспасөз қызметінен хабарлағандай, зардап шегушілер қауіпсіз жерге көшіріліп, туған-туыстарына және №6 лицейдің жатақханасына жайғастырылды.

Аудандық құтқарушылар қызметі №28237 әскери бөлімнің жеке құрамымен бірлесіп, өзен арнасын тазартты және дренаж арығын қазды. Құтқару және жағалауды бекіту жұмыстарына Алматы облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамының 30 адамы мен 4 техникасы жұмылдырылды.

Осындай жағдай Ұйғыр ауданындағы Шонжы ауылында және Қарасай ауданының Райымбек селолық округінде қалыптасып отыр.