Алматы облысының үздік спортшылары марапатталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгін Талдықорған қаласында 2016 жылдың қорытындысы бойынша үздік спортшылар марапатталды. Өткен жылы облыс спортшылары түрлі дәрежедегі 1 300-ден астам жүлде иеленген. Марапаттау рәсімін облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 Алматы облысының үздік спортшылары марапатталды

Серік Тұрдалиев өз сөзінде Алматы облысында мемлекет қолдауының нәтижесінде спорт саласына ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті.

«2016 жылы облыс спортшылары 1 300-ден астам медаль әкелді. Солардың қатарында әлемдік және Азия ойындарының аренасынан, беделді халықаралық турнирлерден түрлі деңгейдегі медальдарды иеленіп оралған Карина Горичева, Раушан Қойшыбаева, Маргарита Елисеева, Жәнібек Әлімханұлы, Альберт Линдер, Анжела Шалқарова, Марина Седнева, Динара Болатбекованы атап өтуге болады», - деді С. Тұрдалиев.

Басқосуда 30-ға тарта үздік спортшылар мен олардың жаттықтырушылары дипломдармен, 150 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Олардың арасында Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Карина Горичева мен Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері Раушан Қойшыбаева да бар.

Спорт мекемелері мен клубтары да назардан тыс қалмады, ұжымдардың әрқайсысына 500 мың теңгеден сыйақы берілді. Атап айтқанда, Талдықорған қаласындағы № 1 олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі, «Іле» кәсіби гандбол клубы, Қарасай аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі, «Грек-рим, еркін және әйелдер күресі» облыстық федерациясы марапатқа ие болды.

Спорт тақырыбын насихаттап жүрген журналистер де марапатталып, оларға ақшалай сыйлықтар мен арнайы дипломдар берілді.

«Елімізді шет мемлекеттерге танытып жатқан спортшыларға ерен еңбектері үшін алғыс айтамыз. Спортшыларымыз Жетісу өңірінің өсіп-өркендеуіне де өз үлестерін қосуда. Мемлекет басшысының қамқорлығының арқасында қажетті материалдық-техникалық базамызды қосқанда бізде барлық мүмкіндіктер жасалған. Оған қоса спортшыларға қолдау көрсетіліп, стипендиялар беріліп келеді. Жетістіктеріміз бар, бірақ алда одан да биік межелерді бағындыру міндеті тұр», - деді кездесу соңында Серік Тұрдалиев.

Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары бұқаралық спортқа ерекше назар аударылатынын айтты. Мәселен, биылғы жылдың өзінде облыс аудандарында 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және 3 шағын футбол алаңы салынады.