Алматы облысының жеміс бақтары 23 мың гектарға жетті
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында бақ шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Биыл өңір бағбандары 23 мың гектар алма-алмұрт, өрік, шие, шабдалы сынды басқа да ағаштарды күтіп баптауға кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бағбандар биыл қыс ерекше суық болса да, көктем шаруашылыққа қолайлы болғанын айтады. Алматы облысында бақ өсіруге өте қолайлы өңірдің бірі Ұйғыр ауданы. Табиғаты жұмсақ, топырағы құнарлы, суы мол аймақта 3,5 мың гектар бақ бар. Алма, өрік, шабдалы өз алдына, аудан бірнеше жылдан бері жаңғақты да жерсіндіріп, көшет санын көбейтуде. Мәселен Сүмбе ауылдық округінде 380 гектар жерге жаңғақ отырғызылды. Биылғы жылы тағы 300 гектар жерге отырғызамыз, дейді аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Рахымжан Омаров.
Ал аудандағы бағбандардың алды бірнеше жылдан бері жинаған өнімін экспортқа шығаруда. Әсіресе осы жердің өрігіне Ресейдің ірі қалаларынан сұраныс артуда. Биыл аудан орталығында жеміс-жидек өңдейтін цех ашылады деп жоспарлануда. Бұл өнімді шикізат күйінде емес, түрлі сусын мен тосап жасап, дайын өнім ретінде жөнелтуге мүмкіндік туғызбақ.
Жыл соңында Алматы облысындағы бақтың жалпы аумағы 24 мың гектарға жуықтамақ. Оның 2200 гектары интенсивті технологиямен өсірілсе, қалған аумақта атақты апорт бағы өсіріледі.