Алматы облысының жолдарында былтыр 507 адам қайтыс болды.

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - 2016 жылы Алматы облысының жолдарында көлік апатынан 507 адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Өңір 4 жыл қатарынан көлік апатында қаза болғандар саны бойынша республика бойынша алдыңғы қатарда келеді. Тек өткен жылы 2086 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 507 адам көз жұмып, 3 мыңға жуығы түрлі дене жарақатын алған. Жол-көлік оқиғалары Алматы-Өскемен, Алматы-Қорғас, Алматы-Бішкек және Алматы-Астана тас жолдарында жиі тіркелген. Және ең көп өлім-жітім де осы жолдар еншісінде.

Бұл деректер Алматы облысы прокуратурасында өткен алқалы жиында өкінішпен мысалға алынды. Заңды қадағалаушылар бұл өте алаңдатарлық жағдай деп дабыл қағып отыр.

Апаттардың басты себебі - жылдамдықты арттыру, қарсы бағытқа шығып кету және сапасыз жолдар. Прокуратура қызметкерлері тексеру барысында апаттардың алдын алу мақсатында әзірленген «Қауіпсіз жол» бағдарламасы нәтижесіз болғанын анықтады. Жол сақшыларының, жергілікті полиция қызметінің, жол жөндеушілердің жұмыстары сынға алынып, бірқатар міндеттемелер берілді. Сондай-ақ тексеру нәтижесінде автоматтандырылған КРИС-П атты қондырғылардың жол полиция қызметкерінің жұмысынан едәуір тиімді қызмет атқаратыны анықталды. Мәселен, бір тәулікте бір ғана жол қызметкері екі заң бұзушылықты анықтап хаттама толтырса, автоматтандырылған қондырғы 90-нан астам құқық бұзушылықты тіркейді.

Соңғы жаңалықтар