Алматы облысының жолдарында көкпар тартқандар жауапқа тартылды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының жолдарында көкпар тартқандар жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еңбекшіқазақ ауданының Рахат ауылдық округінің жол бөлігінде 20-25 адамнан тұратын бір топ адам рұқсатсыз көкпар ұйымдастырған. Шара Көктебі және Рахат ауылдық округтерінің тұрғындары арасында өткен. Ұлттық ойын аяқталғаннан кейін қатысушылардың бір бөлігі ойынды жол үстінде жалғастырғандығы белгілі болды.
«Аталған заңға қайшы әрекеттердің жолын патрульдік полиция экипаждары дер кезінде кесті. Сонымен қатар, ұлттық ойын жергілікті атқарушы органдардың келісімінсіз өткізілгендігін атап өткен жөн. Қазіргі уақытта көкпар ұйымдастырған 1998, 1997, 2000 және 1992 жылғы Алматы облысы Рахат ауылының тұрғындары ұсталды. Олар ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі «Ұсақ бұзақылық» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды»,- деп мәлімдеді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Қазір көкпарды ұйымдастыруға және өткізуге қатысқан өзге де азаматтар анықталуда.