Алматы өнер салоны ашылды

АЛМАТЫ. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше Алматыда «Artfoglio» деп аталатын өнер салонының тұсаукесері өтті,

Алматы өнер салоны ашылды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Итальян тілінен қазақшаға аударғанда «аrtfoglio» жаңа парақ деген мағынаны білдіреді. Мақсатымыз - отандық суретшілердің алыс-жақын шет елдердегі өз әріптестерімен өзара тәжірибе алмасып, ой-пікірлерін бөлісуіне жағдай жасау. Өйткені қазір елімізде өнер галереялары көп болғанмен онда суретшілердің бәріне бірдей өз шығармаларын көрермен назарына ұсынуға мүмкіндік жоқ. Сондықтан да біз өз ісімізде өнер әлемінде жаңа парақ ашудан бастап отырмыз», дейді «Artfoglio» өнер салонының директоры Шарбат Әділқызы Барбаро. Ол өнерсүйер қауымға өз есігін суретшілердің «Зеленый базар» шығармашылық достастығы көрмесімен ашып отыр. Ол сәуірдің 24-іне дейін жұмыс жасамақ. Жалпы «Зеленый базар» суретшілер шығармашылық достастығында бейнелеу өнерінің әртүрлі стилдері мен бағыттарында жұмыс жасайтын Алматы қаласының 15 шебері бас қосқан. Олардың арасында Асқар Есдәулетов, Анна Маргатская, Всеволод Демидов, Владимир және Елена Григорьян, Ғалия және Балқия Құсайынова, Кармине Барбара, Михаэли Расим, Эдуард Казарян және тағы басқа суретшілер бар. Ш. Барбароның айтуынша, өнер салоны енді өз мүмкіндігіне қарай шығармашылық кештер, көрмелер мен вернисаждарды жиі өткізуге күш салмақ. Сондай-ақ шетелден тек кәсіби мамандарды ғана шақырып қоймай, болашақта қазақстандық шеберлерді де өзге елдерге апарып, шығармашылық жұмыстарын насихаттауға көбірек көңіл бөлуді жоспарлап отыр.