Алматы өңірінде Швейцария азаматтары құтқарылды

  АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысы аумағында Швейцария азаматтары құтқарылды. Бұл жайында аталған облыстың төтенше жағдайлар департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы өңірінде Швейцария азаматтары құтқарылды

«2017 жылдың 30 мамырында Алматы облыстық ТЖД  жедел кезекшілігіне шетелдік азаматтан, Швейцарияның Цюрих қаласы тұрғынан көмек сұраған өтініш түсті. Швейцария азаматтары, анасы мен баласы Балқаш көлінің солтүстік жағалауына туристік сапармен бару үшін Алматыдан көлікпен шыққандығы анықталды. Балқаш қаласынан өткеннен кейін Ақтоғай елді мекеніне жетпестен GPS жүйесінің істен шығуы салдарынан олар жолдан адасып, батпаққа батып қалған», - деді баспасөз қызметінен.

Құтқарушылардың айтуынша, ұлы көмек алып келу үшін анасын машинада қалдырып кеткен. 20 шақырым жүргеннен кейін ол Қаратас разъезді аумағында теміржолшылармен кездесіп, Ақтоғай елді мекеніне жеткен. Саяхатшы көрсеткен координаттарға сәйкес көліктің Алматы облысы аумағында қалғаны анықталған.

«Ол жаққа құтқарушыларды жіберу шешімі қабылданды. Алматы облыстық ТЖД Сарқанд құтқарушылар бөлімшесінің 6 құтқарушысы қайықпен Аягөз өзенін жүзіп өтіп, айдалада тұрған көлікті тапты. Құтқарушылар саяхатшылардың көлігін батпақтан шығарып, Саяқ елді мекеніне дейін жеткізіп салды. Бүгін олар Талдықорған қаласына аман-есен жетіп, одан ары Алматы қаласына қалай жол жүріп кетті», - деді құтқарушылар.

Швейцария азаматтары Алматы облыстық ТЖД құтқарушыларына жедел әрі үйлесімді жұмыстары үшін ризашылық білдірді.