Алматы өңірлік гарнизонының әскери қызметшілері Қарғалы кентінде 200-ге жуық аула мен бір шақырым жолды су тасқыны салдарынан тазартты (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы гарнизоны әскери қызметшілерінің күшімен тұрғын үйлердің 200-ге жуық ауласы, 1000-нан астам метр жол сел тасқыны салдарынан тазартылды.
None
None

«Кеше сел салдарынан тастардың астында қалған Алматы көшесі толық тазартылды. Енді техника мен адамдар көшеде емін-еркін жүре алады, жол түгелдей ашылды», - деді ҚР ҚК ҚӘ Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының қару-жарақ жөніндегі орынбасары , полковник Еркін Алашбеков.

Қазіргі уақытта Қарғалы кентінде Алматы өңірлік гарнизонының 400-ден астам әскери қызметшісі жүр. Олардың жартысы жергілікті мектептің жертөлесінен суды ағызу және ғимаратқа іргелес орналасқан аумақты тазарту бойынша еңбектенуде, қалғандары әлі күнге дейін су басып қалған аулалар мен жолдарды тазартуды жалғастыруда, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

«Лай көшкіні үйіміздің ауласын басып кетті, біз шығып та үлгермедік. Қазіргі кезде тастар мен балшықтың үйіндісінен еш нәрсе қалған жоқ. Орасан жұмыс атқарылды, өте көп күш жұмсалды. Бізге қол ұшын созуға келген адамдарға шексіз алғысымызды білдіреміз», - дейді кент тұрғыны Динара Ысқақова.

Еске сала кетейік, Қарғалы өзенінде су деңгейінің жоғарылауына байланысты Қарғалы және Таусамалы шағын аудандарының ішінара су басуы орын алған болатын. Оның салдарынан Алматы қаласының Әуезов, Наурызбай және Алатау аудандарындағы тұрғын үйлер зардап шекті. Бүгінгі таңда Алматыда төтенше жағдай режімі сақталуда. Осыған байланысты, Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері төтенше жағдай ауданында жұмыс атқаруды жалғастыруда.

Әскери қызметшілердің жұмысын үйлестіру, міндеттерді және жұмыс учаскелерін бөлу мақсатында жедел штаб құрылғанын атап өткен жөн. Ол ағымдағы апта бойы қызмет атқаратын болады.

Соңғы жаңалықтар