Almaty Open алғаш рет ATP 250 санатындағы жылдың үздік турнирі атанды
АСТАНА. KAZINFORM — Almaty Open турнирі ATP Awards 2026 сыйлығының нәтижесі бойынша алғаш рет беделді ATP 250 Tournament of the Year марапатына ие болды.
Қазақстандық турнир осы санаттағы 29 жарыстың ішінен үздік деп танылды.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Almaty Open ATP 250 додасы Швецияда өткізілетін тарихы бай Nordea Open (Бостад) және Bybit Stockholm Open жарыстарын басып озды.
Жеңімпаз кәсіби теннисшілер арасында жүргізілген сауалнама негізінде анықталды.
Ойыншылар жарыстардың ұйымдастырылу сапасын және спортшылар үшін жасалған жағдайларды бағалады.
Almaty Open турнирінің ATP 250 санатындағы үздік жарыс деп танылуы Қазақстанның халықаралық теннис аренасындағы беделінің артып келе жатқанын көрсетіп, еліміздің әлемдік деңгейдегі ірі спорттық іс-шараларды ұйымдастырушы ретіндегі орнын нығайта түседі.
Қазақстандағы аталмыш жарыстың тарихы 2020 жылы басталды. Сол жылы ATP 250 санатындағы турнир алғаш рет Астанада Astana Open атауымен өтті. 2022 жылы дода уақытша ATP 500 мәртебесін алып, әлемнің жетекші теннисшілерінің басын қосты. 2024 жылдан бастап жарыс Алматыда Almaty Open атауымен өткізіліп келеді. 2026 жылы оңтүстік астана оны үшінші рет қабылдады, ал ойындар өтетін негізгі алаң дәстүрлі түрде Almaty Arena спорт кешені болды.
Ұйымдастырушылар инфрақұрылымды дамытуға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және спортшылар мен олардың командалары үшін барынша қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөледі.
Қатысушылар жаттығу корттарын, демалыс және қалпына келу аймақтарын, Іле Алатауының көркем көрінісі ашылатын wellness-кешеніндегі орналастыру жағдайларын, сондай-ақ үш Michelin жұлдызының иегері, шеф-аспаз Фабьен Ферре әзірлеген гастрономиялық бағдарламаны жоғары бағалады.
Almaty Open бас директоры және Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польский бұл марапатқа ие болу турнирдің бүкіл командасы үшін үлкен мәртебе екенін және ұйымдастырушылардың, серіктестер мен демеушілердің бірлескен жұмысының нәтижесі екенін атап өтті.
- Ойыншылардың тәуелсіз бағалауының нәтижесінде Almaty Open турнирінің ATP нұсқасы бойынша жылдың үздігі атануы – біз үшін үлкен мәртебе. Бізге сенім білдірген барлық теннисшілерге, әсіресе, Алматыға жыл сайын қайта келетін ойыншыларға шын жүректен алғыс айтамыз. Біздің ұзақ мерзімді мақсатымыз — турнирді ұйымдастырудың барлық аспектілерін ATP 500 стандарттарына сай деңгейге жеткізу. Осы орайда барлық бастамаларымыз бен күш-жігерімізді үнемі қолдап келе жатқан Қазақстан теннис федерациясының президентіне, сондай-ақ Алматы қаласының әкімдігіне ерекше ризашылығымызды білдіреміз. Бірлескен күш-жігердің арқасында біз турнирді жүйелі түрде дамытып, оның ұйымдастырылу сапасын арттырып, Алматының халықаралық теннис картасындағы орнын нығайтып келеміз. Бұл марапат бүкіл командамызды жарысты одан әрі дамыту жолында бұрынғыдан да зор ынтамен жұмыс істеуге жігерлендіреді, — деді Юрий Польский.
ATP Awards 2026 аясында сонымен қатар Tournament of the Year аталымы бойынша Шанхайдағы Rolex Shanghai Masters (ATP Masters 1000) және Дохадағы Qatar ExxonMobil Open (ATP 500) турнирлері де марапатталды.
Оған қоса ойыншылар арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша жеті дода ұйымдастыру деңгейінің жоғарылығы және ATP стандарттарына сәйкестігі үшін Standards of Excellence марапатына ие болды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ-та теннистен WTA қорытынды турнирі мәресіне жеткенін жазған едік.