Алматы орталығындағы 15 үй бес жылдан бері су мәселесін шеше алмай жүр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда Баишев көшесінде 15 отбасы 5 жылдан бері су мәселесіне байланысты шағымданып жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін тұрғындар БАҚ өкілдерін шақырып, түйткілді жайтты ортаға салды.

Бұл ауданда су құбырлары түгел қайта жаңғырту бағдарламасына сай жаңартылып жатыр. Тек 130 метрге созылған Баишев көшесінің тұйықталған жерінде тұратын тұрғындар ғана ауыз судан қағылып отыр.

Тозығы жеткен құбырдың салынғанына 50 жыл болған. Кеңес одағы кезінде ауыз сумен қамту үшін ұжымдық келісімшарт жасалған.

Тұрғындардың айтуынша, қазір бір жерін жамап жатса, екінші жері шіріп жатыр.

«Судың қысымы жоқ. Жуына алмаймыз, кір жуа алмаймыз. Қаланың қақ ортасында 130 метр көшеде су жоқ, кәріз жүйесі жоқ, көше жарығын өзіміз жабылып жасадық. Біздің құбырлар кезінде ұжымдық келісіммен тұрғындардың меншігінде болған. Бірақ, қазір біз құбырларды өз күшімізбен жасай алмаймыз. Ол үшін әр отбасы 308 мың теңге төлеуі тиіс. Жалпы алғанда 4 млн теңгеден асады. Бізде мүмкіндігі шектеулі жандар, зейнеткерлер көп тұрады. Біз ол ақшаны көтере алмаймыз», - деді Баишев көшесінің тұрғыны Елена Цой.

Тұрғындар құбырды үкімет өз қарауына алса дейді.

Халықтың бұл шағымына Жетісу ауданы әкімдігінің өкілдері жауап берді.

«Ол көшеде кейбір құбырлар «Алматы су» балансына жатпайды. Тұрғындардың өз меншігінде. «Алматы су» кәсіпорны қазір көп көшелерде реконструкция жасап жатыр, ескірген құбырларды ауыстырып. Олар өз балансында жоқ құбырларды жөндей алмайды. Оған қаражат қарастырылмаған. Бұл тұрғындарға құрылыс компаниясының өкілдері көмек беруі мүмкін. Су желілерін «Алматы су» МКК балансына берілуі үшін ол су құбырлары иесіз деп танылуы керек. Ал бұл сот арқылы шешіледі», - деді қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының су ресурстарын басқару және газдандыру схемасын жүзеге асыру бөлімінің бас маманы Нұрлан Өмірханов.


Соңғы жаңалықтар