Алматы-Өскемен автожолында бес адам қаза тапты

ҮРЖАР. ҚазАқпарат - Бүгін таңертең Алматы-Өскемен жолының 678-шақырымында ірі жол апатында бес адам қаза тапты, оның екеуі сәби, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы-Өскемен автожолында бес адам қаза тапты

Үржар аудандық ІІБ Әкімшілік полиция бөлімінің аға инспекторы Айдар Саматеевтың сөзіне қарағанда, Үржар ауданына қарасты Қарақол ауылдық округінен Аягөзге бет алған «Ауди-80» автокөлігі Көкпекті ауданынан Шымкентке мал тиеп бара жатқан жүк көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Бастапқы болжам бойынша жүк көлігінің жүргізушісі рульде ұйықтап кеткен.

Жол апатынан бес адам жедел жәрдем жеткенше, оқиға орнында қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, оның екеуі - сәби. Біреуі - 2013 жылғы, екіншісі қырқынан жаңа шыққан нәресте. Екі адам жақын маңдағы Таскескен ауруханасына жеткізілді. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, екеуінің жағдайы өте ауыр. Жеңіл көліктегілер - Үржар ауданына қарасты Қарақол ауылының тұрғындары.

Үржар орталық аурухана директорының орынбасары Бейбіт Ғабдуллиннің айтуынша, аудан орталығынан Таскескенге дәрігерлер тобы аттанған. Медициналық мамандар аман қалғандардың өмірін сақтап қалу үшін барын салуда.