Алматы-Өскемен-Лепсі-Ақтоғай автожолын жаңартуды аяқтау үшін 7,4 млрд теңге қажет

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Алматы-Өскемен-Лепсі-Ақтоғай автожолының бір бөлігін жаңартуды аяқтау үшін 7,4 млрд теңге қажет. Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өңірге жұмыс сапарымен келген Сенат және Мәжіліс депутаттарымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы-Өскемен-Лепсі-Ақтоғай автожолын жаңартуды аяқтау үшін 7,4 млрд теңге қажет

«Мемлекет басшысы былтырғы облысымызға жұмыс сапары барысында келесі екі жыл ішінде «Лепсі – Балқаш» автожолының құрылысын аяқтау жөнінде тапсырма берді. Автожолдың жалпы ұзындығы – 141 шақырым, бүгінге оның 39 шақырымы жөнделді. Іске асыру сатысында екі жоба бар: «Лепсі – Балқаш көлі» 0-27 шақырымы және «Алматы-Өскемен-Лепсі-Ақтоғай» жолының 35-110 шақырымы. Екі жобаның жалпы құны – 17,7 млрд теңге, 9,5 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 2023 жылға – 2,9 млрд теңге. «Алматы-Өскемен-Лепсі-Ақтоғай» автожолының 35-110 шақырымын қайта жаңартуды аяқтау үшін 7,4 млрд теңге қажет. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2023 жылға өтінім берілген соманың 2,5 млрд теңгесін қолдады және қаржы күзде республикалық бюджетті түзету кезінде бөлінбекші. Сіздерден 2023 жылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде және 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджетті қарау кезінде құрылысты аяқтау үшін қаражат бөлуге жәрдем көрсетуді сұраймыз», - деді Бейбіт Исабаев.

Бейбіт Өксікбайұлы депутаттардың назарын жоба құнының қымбаттауына аударды.

«Жаңа Бюджет кодексінің жобасын қарау кезінде құрылыстың нормативтік мерзімдерін сақтамауға, ұлттық валюта бағамының елеулі өзгеруіне және құрылыс материалдары құнының қымбаттауына байланысты жобаның сметалық құны ұлғайған жағдайда республикалық бюджеттен қаржыландыру нормасын қосу орынды деп санаймыз. Мысалы, «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» автожолын қайта жаңарту» жобасын іске асыру 2018 жылы басталды, яғни алтыншы жыл қатарынан іске асырылып келеді. Құрылыстың нормативтік мерзімі – 2,5 жыл. Осы уақыт ішінде құрылыс материалдарының құны 2 есе өсті», - деді ол.

Айта кетсек, аймақта ауылдық елді мекендерде кәріз желісін салу жұмысы да өзекті болып тұр. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласындағы ірі жобаларды іске асыру, Алакөл көлінің жағасын бекіту, Ақши және Көктұма ауылдарына дейін жоғары вольтты электр беру желілерінің құрылысы бүгінгі күннің басты талабына айналды. Бұл мәселелер оң шешімін табатын болса, облыстағы туризм саласының өркендеуіне жол ашады.

Жалпы, кездесуге қатысушылар облыстың дамуына қатысты көптеген ұсыныстарын жеткізді. Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік сатып алу, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, субсидиялау қағидалары, инвестициялық жобаларды жетілдіру, жайылымдардың жетіспеушілігін жою, халықтың талап-тілегіне құлақ асу сынды бастамалар айтылды.

Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Жетісу облысында бірнеше күн жұмыс сапарымен болады. Ескелді, Қаратал, Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандары мен Талдықорған, Текелі қалаларында жергілікті мәслихат депутаттарымен бірлесіп, өндіріс орындарын, әлеуметтік нысандарды аралайды және көтерілген өзекті мәселелерді талқылайды.


Фотограф: Жеңіс Ысқабай