Алматы – Өскемен тас жолында 44 жастағы адамды көлік қағып, мерт болды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат Алматы-Өскемен тас жолында 44 жастағы адамды көлік қағып, мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жетісу облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол апаты 4 шілдеде Жетісу облысының Кербұлақ ауданында тіркелді. «Lexus ES 300» автокөлігін 34 жастағы ер адам басқарған. Ол «Алматы-Өскемен» тас жолының 177 шақырымында жаяу жүргіншіні қағып, мерт қылды.
«Қаза тапқан адам Көксу ауданының 44 жастағы тұрғыны болып шықты. Оның иен далада түнгі трассада жүру себебін қазір полицейлер анықтап жатыр», - делінген ведомство хабарламасында.
Аталған факті бойынша қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары басталды. Автокөлік арнайы автотұраққа қойылды.