Алматы-Өскемен тасжолында 2 адам қаза тауып, төртеуі ауруханаға түсті
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы-Өскемен тасжолында 2 адам қаза тауып, 4 адам ауруханаға түсті. Оның үшеуі - балалар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға 24 сәуірде Көксу ауданында болды. Алматы-Өскемен автожолының 190-шақырымында
«Subaru Legacy» көлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай қалып, машинаның аударылуына жол берді.
Жол апатында әйел мен бүлдіршін мерт болды. Әртүрлі жарақаттармен тағы 4 адам жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді. Олардың арасында кәмелетке толмаған үш бала бар.
Оқиға орнында полицейлер мән-жайды анықтап жатыр.
«Жетісу облысының полициясы жол қозғалысына қатысушыларды Қазақстан Республикасының жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Жол - қателікті кешірмейді. Жүргізушінің шамалы қателігі қайғылы салдарға әкелуі мүмкін. Есіңізде болсын, сіздердің әрқайсыңызды жақындарыңыз үйде күтеді»,- делінген Жетісу облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.