«Алматы-Петропавл» бағытындағы «Жетісу» пойызында жолаушыларды электронды билет бойынша отырғызудың автоматтандырылған бақылау жүйесі енгізілді
Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінен хабарланды.
Ендігіде интернет немесе өзіне-өзі қызмет көрсету төлем терминалы арқылы билет сатып алған жолаушыға билет кассасының көмегіне жүгіну қажет емес.
Жолаушы жолсерікке қолында токен (электронды билет) болған жағдайда, жеке тұлғасын растайтын құжатты ғана көрсетсе болғаны. Жолсерік мобильді терминалдың көмегімен жолаушының құжаттық мәліметтерін тексеріп, автоматты түрде тіркеуден өткізеді.
Жолаушының сұрауы бойынша жолсерік арнайы терминалдық құрал арқылы билетті басып шығара алады.
Жолаушыларды отырғызуды автоматтық бақылау жүйесі көрсетілетін қызметті жақсарту мақсатында енгізіліп отыр. Жаңа қызмет билеттерді электрондық сатуды дамытып, адами факторлардан аластауға мүмкіндік береді.
Бұл секілді жүйелер осы уақытқа дейін №9/10 «Астана-Алматы» бағытындағы «Бәйтерек» пойызында, №25/26 «Алматы-Шымкент» бағытындағы «Ақ сұңқар» пойызында, №1/2 «Астана-Алматы» бағытындағы «Тұлпар» пойызында, №47/48 «Атырау-Астана» бағытындағы «Каспий» пойызында енгізілген. Биылғы жылы аталмыш жаңа қызмет «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның өзге де пойыздарында орнатылмақшы.
Атап өтер жәйт, жыл басынан бері электрондық әдіспен 615 000 электрондық билет сатылған.