Алматы полицейінде мыңға жуық нашар отбасы есепте тұр
АЛМАТЫ. Тамыздың 9-ы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгінгі таңда Алматы полицейінде мыңға жуық нашар отбасы есепте тұр.
Бұл отбасыларда 1200-ге жуық бала тәрбиеленуде және олардың басым бөлігі мектепке бармайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы қаласы ІІБ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мұндай балалар құқығының бұзылуын кәмелетке толмағандар ісімен айналысатын инспекторлар жіті тексеріп отырады.
«Әдетте, нашар отбасылардың балалары ата-аналарының спиртті ішімдікке сылқия тойып, оларды көшеге қаңғыртып жіберулері салдарынан бізге түсіп жатады. Қазіргі таңда Алматыда 683 бала мектепке бармайды. Жыл басынан бері ата-аналық тәрбие беру міндетін орындамағаны үшін 16 адам ата-аналық құқығынан айырылса, 71-і балаларға лайықты тәрбие бермегендігі үшін әкімшілік жауапқа тартылған», дейді Алматы қаласы ҚҚБ-ның кәмелетке толмағандар ісі инспекциясының аға инспекторы, полиция майоры Рахым Толақұлов.
Қаланың 1-ші ықшамауданындағы осындай отбасының бірінде екі жасөспірім өсіп келеді. 4 жасар Светлана мен 7 жастағы Андрей таяқпен ұрып тәрбиелеп келе жатқан аналарына жиіркенішпен қарауда.
«Өз әкемізді көрмегелі көп болды, ал шешемізді жек көреміз. Ол ылғи да ішеді әрі бізді ұрады. Кейде ол үйден екі-үш күнге кетіп қалады, ал біз қарындасым екуіміз аш жүреміз», дейді кішкентай Андрей.
Ағымдағы жылдың жеті айында әкімшілік құқық бұзғаны үшін 2990 кәмелетке толмағандар полицияға жеткізілген. Оның 1761-і қоғамдық орында мас күйінде жүрсе, 3-і есірткі қолданған, тағы 783-і қоғамдық орындарда темекі шеккені үшін әкімшілік жауапқа тартылған.