Алматы полицейлері ақша айырбастау орнына шабуыл жасағандарды құрықтады
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 20-сы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматы полицейлері ақша айырбастау орнына шабуыл жасағандарды құрықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат, Алматы қаласы ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Естеріңізде болса тамыз айының соңында белгісіз үшеу Желтоқсан даңғылы бойындағы ақша айырбастау орнының менеджеріне шабуыл жасап, 200 мың АҚШ доллары салынған сөмкені алып кеткен болатын. Онымен қоймай қылмыскерлер травматикалық тапанша пайдаланған еді.
"Мұндай кезде біз көбінде ақша айырбастау орнының иесі мен жұмысшыларын тексереміз. Қылмыскерлер ірі көлемдегі ақшаның тасымалданатынын білген. Олар кеңседен қай уақытта, қанша менеджер шығатынын да біліп отырған. Тергеу жұмыстары кезіндегі із бұрын осы орында жұмыс істеген және олардың жұмыс кестесін жақсы білетін ақша айырбастау пункті иесінің туысқанына алып келді", дейді криминалды полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Амангелді Шідерқұлов.
Тыңшылар төрт күдіктінің де тұрғылықты жерін анықтаған. Олардың барлығы Алматыға қылмыстық жолмен ақша табуға келген Алматы облысы, Ұйғыр ауданының тұрғындары болып шыққан. Қылмыскерлер шабуыл жоспарын жалдамалы пәтерлерінде 3-4 күнде ойластырып, кім не істеу керектігін өзара бөліскен.
"Соңғы компьютерлік технологияны пайдалану аталмыш қылмыстық істі ашуда өз көмегін тигізгенін айта кетуіміз керек. Өйткені кеңсеге кіре берісте бейне камера қойылған. Бейне материалды қарай отырып біз ұрылардың кім екенін айқындай алмадық, өйткені олар «Күзет» арнайы қарауылының киімін киген. Бастарында бас киімдері болғандықтан олардың түрлері жөнді көрінбеді. Дегенімен олардың саны мен жасырынған көлігі бізге белгілі болды", деп атап өтті А.Шідерқұлов.
Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары қылмыстық іске қатысты барлық айғақтарды тапқан. Ұсталушылар өз кінәларын толықтай мойындауда, бірақ полицейлер олардың басқа да қылмыстық әрекеттерге қатысы бар, жоқтығын тексеруде.