Алматы полицейлері ақша бопсалаған екі азаматты ұстады
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 3-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Жақында екі жұмыссыз азамат өздерінің бұрынғы әріптестерін жалдамалы пәтерге қамап, қарызға берген 3 мың АҚШ долларын уақытында қайтармағаны үшін 10 мың доллар талап еткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы қаласы ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Аталмыш қылмыстық оқиға бойынша жүргізілген тергеу жұмыстары нәтижесінде белгілі болғандай қарыз алушы өзінің жазған қолхатында алған ақшасын осы жылдың 31-ші тамызында қайтару керек болған. Бірер күн бұрын Сайын мен Төле би көшелерінің қиылысында екі жақтың кезекті кездесуі болған. Кездесу барысында қарыз берушілер қарызданушыны күштеп көлікке кіргізіп, алдын ала "Көктем" ықшамауданында жалдап қойған пәтерлеріне апарған», дейді Әуезов аудандық ІІБ-ның бастығы Әбілғазы Төлепбергенов.
Қарыз берушілер оған қоқан-лоққы көрсетіп, туыстарына қоңырау шалып, талап еткен ақшаны әкеп беруін сұрайды. Бірақта жәбірленуші әпкесіне қоңырау шалмақ болып «102» операторын теріп, қомақты ақша талап етіп отырған адамдардың құрсауында отырғанын айтып айлакерлік жасаған.
"Осыған орай ІІД жедел Басқарма орталығы жылдам іс-қимыл жасап, қоңыраудың қай жерден шалынғанын анықтады. Бірер минут өтісімен екі «Буран» шолғыншы экипажы, Бостандық аудандық ІІБ-ның участкелік инспекторлары және криминалды полиция қызметкерлері үйге жеткізілді. Мұндай әрекетті күтпеген күдіктілер тұтқындалып, полиция бөліміне жеткізілді», дейді Ә. Төлепбергенов.
Бұл іске қатысты 3-уі де бұрын қаладағы фирмалардың бірінде күзетші болып істеген екен. Қазір бұлардың барлығы жұмыссыз. Тергеушілер бұл істі түпкілікті тексеріп, тараптардың азаматтық-іс жүргізу жолымен шешулері тиіс болғандығын айтады. Енді біраз тергеу жұмыстарынан кейін қарыз берушілерді сот күтіп тұр.