Алматы полицейлері автокөлік ұрлаумен айналысып келген екі ұйымдасқан топты ұстады
АЛМАТЫ. Наурыздың 13-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Соңғы апта ішінде Алматы полицейлері қымбат автокөліктерге қарулы шабуыл жасап, көлік тонаумен айналысып келген екі ұйымдасқан топты құрықтады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ІІБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бірінші топ бойынша Шығыс Қазақстан облысының үш тұрғыны ұсталған. Олар 2007 жылы Алматы қаласы Алмалы ауданындағы жекеменшік автотұраққа шабуыл жасап, қарауылда тұрған карт адамды өлгенше ұрып, қымбат «Тойота Лэнд Крузер» көлігін ұрлап кеткен. Сол жылдың күзінде алматылық жас қыз осы қылмыстық топтың құрбанына айналады. Олар тапаншамен қорқыту арқылы оның су жаңа «Лексус» автокөлігін алып кеткен.
«Бұл қылмыстық топтың ұйымдастырушы үш мүшесі бірден сол жылы ұсталған болатын, дегенмен тағы үшеуі осы уақытқа дейін іздеуде жүрген болатын. Қазір олардың үстінен қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша жаза күтіп тұр. Осы тәріздес қылмыстар қаламызда қайталануда. Шығыс өңірінің тұрғындарынан құрылған тағы бір қылмыстық топтың ісін әшкереледік», дейді Алматы қаласы ІІБ криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Қанат Сарымсақов.
Екінші топтың үлесінде де қарақшылық шабуыл мен адам өлімі бар. Олар қымбат автокөлікті иемдену үшін көлік иесін соққыға жығып, оны қала сыртына тастап кетпек болған. Бірақ та көлік қожайыны жол бойында есін жиып алған. Қылмыскерлер куәгер қалдырмас үшін, оны сойылмен ұрып өлтірген. Қанпезерлер демсіз қалған еркек мүрдесін Алматы қаласындағы Қожанов көшесіне тастап кетеді.
«Қос топтың қылмысына тапсырыс беруші бір-ақ адам болған. Қазіргі уақытта ол қамауға алынып, бірқатар қылмыстық тапсырыс ұйымдастырғанын мойындауда. Сонымен қатар ұрланған көліктердің өткізу арнасы белгілі болды. Тапсырыс беруші көбіне көліктерді шетелге, көршілес елдерге өткізумен айналысқан. Сонымен қатар жалданушылардың жұмысына қомақты сыйақы беріп отырған», деп атап өтті Қанат Сарымсақов.