Алматы полицейлері қараусыз жүрген балаларды анықтау бойынша шараны қолға алды
АЛМАТЫ. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ - Алматыда ата-ана қарауынан және қадағалауынан тыс жүрген балаларды анықтауға арналған «Мектептердегі тәртіп» шарасы басталды. Бұл іс-шараның басты мақсаты жасөспірімдер арасында орын алатын қылмыстарды ескерту және алдын алу, сондай-ақ балаларды заңсыз әрекеттерге тартатын ересектерді анықтау болып табылады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы қаласының ІІД баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, төрт күнге созылатын шараның аясында кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты ахуалды тұрақтандыру, жасөспірімдер арасында қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың жолын кесу және алдын алу, есірткі мен өзге де зиянды заттардың таралуына жол бермеу көзделген. Жалпы білім беру мектептерінің, колледждердің оқушылары арасында есірткі заттарын қолданатын жасөсіпірімдер анықталған жағдайда, олар қолданыстағы заңнамаға сәйкес стационарлық емделуге жіберілетін болады.
«Қазірде кейбір кәмелеттік жасқа толмағандар бос уақыттарын түнгі көңіл көтеру орындарында өткізгенді қалайды. Сондықтан осы шара кезінде балалардың, жасөспірімдердің көп шоғырланатын жерлері, соның ішінде дискоклубтар, компьютерлік ойын салондары, кафелер, барлар, үйлердің жертөлелері мен шатырлары, күдік туғызатын пәтерлер ауқымды түрде тексеріледі», - дейді Алматы қ. ІІД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Айгүл Шөпшекбаева.
Осы орайда айта кетелік, өткен жылы кәмелеттік жасқа толмағандардың арасында қылмыстың деңгейі 5,2 пайызға төмендеген. Бұған қаланың білім ордаларында мектептік полиция инспекторларын енгізу үлкен септігін тигізді. Осының арқасында, бүгінде орта мектептердің аумағында бірде-бір қылмыс тіркелмеген.
Сондай-ақ шара аясында полиция қызметкерлері балалар мекемелеріне жақын маңда орналасқан сауда нүктелерінде кәмелеттік жасқа толмағандардың арақ-шарап өнімдерін және темекі сатып алу деректерін әшкерелеуді жоспарланып отыр. Осы жедел-алдын алу шарасының қорытындысы үстіміздегі жылдың ақпанның 19-ында шығарылады.