Алматы полицейлері қоғамдық көлік жүргізушілерін бопсалап келген топты құрықтады

АЛМАТЫ. 15 қараша. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматы қаласының тәртіп сақшылары қоғамдық көлік жүргізушілерін бопсалаумен айналысып келген қылмыстық топты құрықтады.

Алматы полицейлері қоғамдық көлік жүргізушілерін бопсалап келген топты құрықтады

Қылмыскерлерді ұстауға жекеменшік автобустың 27 жастағы жүргізушісі мен кондукторы көмектескен. Қаскүнемдер оларды қала сыртына апарып аяусыз ұрған. Одан кейін екі шұңқыр қазғызып, талаптарымызды орындамасаңдар сендерді өлім күтіп тұр деп ескерткен.

"Мұндай қорқыту тәсілі қылмыскерлер үшін тиімді болған. Жасқанып қалған жүргізуші бірнеше рет оларға 30 мың теңгеден беріп отырған. Жақында жәбірленуші полицияға жүгінуді жөн көрген. Біз күдіктілердің ізіне түсіп, кезекті қылмыстық "марапаттау" үстінде қолға түсірдік",- дейді Алматы қаласы ІІД ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының бастығы Валерий Козлов.

Бопсалаушының екеуі де тұрақты жұмыс орны жоқ алматылықтар. Өз кінәларын бірден мойындап, ақшадан қатты қысылғандықтарын айтып ақталған.

"Біздің пайымдауымызша, ұсталған екеуі де қылмыстық бір топқа қатысы бар және мұндай ақша табу әдісін жиі пайдаланған. Біз осы қылмыскерлерден жәбір көрген тағы екі жүргізушіні айқындадық. Қазір бұлардың үстінен бірден ҚР ҚК-нің 3-бабы бойынша адам ұрлау, бопсалау және тонау бойынша іс қозғау мәселесі қаралуда. Сондай-ақ, олар соңғы оқиғада жүргізуші мен кондуктордан 28 мың теңге және екі ұялы телефон, алтын сақина тартып алған", -дейді Валерий Козлов.